Жаңалықтар

Башқұртстанда өткен үздік 5 халықаралық форум

26 және 27 қарашада Уфа Ресей мен Қазақстанның XX өңіраралық серіктестік форумын өткізеді. Қатысушыларды іскерлік бағдарлама, халық шаруашылығы жетістіктері мен халық-көркемөнер кәсіптерінің көрмесі, жастар форумы, гастрономиялық, музыкалық және спорттық фестивальдер күтеді.

Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров атап өткендей, республика Ресейдің форумдар астанасы атануға тиіс. Ал біз мұнда тағы қандай форумдар мен фестивальдер болғанын еске түсіріп, ең айтулы және қызық 5 оқиға тізімін жасадық.

1. Ресей мен Беларусь өңірлерінің X форумы (2023 жыл)
Одақтас мемлекет өкілдері іскерлік және мәдени бағдарламалар аясында сұхбаттасты. Башқұртстан астанасында форум өткен күндері мектеп спорты фестивалі, жастар форумы, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі болды. "Еуразия жүрегіндегі Славян базары, "Достық көшесі" этникалық мәдениет фестивальдері және басқа көптеген шаралар жарқын оқиғаға айналды.

Форум 2014 жылдан бері Ресей Федерациясының Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі мен Беларусь Республикасының Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің жетекшілігімен ұйымдастырылып келеді.

2. «Ресей – спорт державасы» XII халықаралық спорт форумы (2024 жыл)
Ауқымды шараға әлемнің 100 елінен бес мыңға жуық делегат қатысты. Ал оның басты алаңы Күрес сарайы болды, Ресей мен Қазақстан форумы да дәл осы жерде өтеді.

Форум аясында Башқұртстан басшысы жанындағы Кеңестің дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңейтілген отырысы, Бокс түні, керлинг, семсерлесу, күрес сайыстары, Жүру күні болды. Одан бөлек Уфаның 450 жылдық мерейтойына орай бой көтерген Семсерлесу орталығы мен есу слаломы кешені ашылды.

3. Башқұрттың асыл тұқымды тұлпарларына арналған «Башҡорт аты» халықаралық фестивалі
Бұл асыл тұқымды башқұрт тұлпарларына арналған аса ірі ғылыми-танымдық және мәдени-спорттық шара.

Фестиваль 2022 жылдан бері жыл сайын Башқұртстанның Баймак ауданында, Графское көлінің жағалауында өтіп келеді. Оған атбегілер, жылқышылар мен ғалымдар, сәндік қолданбалы өнер шеберлері, қолөнершілер, суретшілер, халық шығармашылығының түрлі жанрын меңгерген өнер ұжымдары, фольклоршылар, этнографтар, ат құлағында ойнайтын спортшылар қатысады.

Фестивальдердің мақсаты – Башқұртстандағы ат баптау, қымыз жасау дәстүрлерін және ұлттық қолөнерді сақтап, дамыту, башқұрттың асыл тұқымды жылқысын көбейту және көпке таныту. Осылайша, фестивальдің аса маңызды жетістіктерінің бірі – 2023 жылы "башқұрт жылқысы" деген атауға патент алуы.

4. «Китап-байрам» халықаралық кітап көрмесі
2023 жылдан бастап Уфадағы Кеңес алаңында өтеді. Екі жыл қатарынан фестивальге Ресей өңірлері мен жақын орналасқан елдерден 200-ден аса кітап баспасы, дүкендер, жекелеген букинистер, жазушылар, өнертанушылар және қоғам қайраткерлері келіп жатыр.

Фестиваль қонақтары кітап не басқа баспа өнімін сатып алып, танымал жазушылармен кездесе алады, шеберлік сағаттарына қатысады. Балаларға арнап ойын аймақтары жасалады. Ал іскерлік алаңдарда кітап оқу, кітап өнерін насихаттау мәселелері мен кітап шығарудың түрлі аспектілері талқыланады.

5. "Еуразия жүрегі" халықаралық өнер фестивалі 2016 жылдан бері open-air форматында өтеді
Аталған шара үшін Уфадағы «Торатау» конгресс-холының амфитеатры таңдалды. Бірнеше күн ішінде фестиваль сахнасында рок, фолк, эстрада, джаз, опера тәрізді түрлі жанрда музыка ойнайды. Мұнда Ресейдің әйгілі орындаушылары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Олег Газманов, Пелагея, Сергей Трофимов, «Пицца» және «Дискотека Авария» топтары бар.

Биыл "Еуразия жүрегі" сегізінші мәрте ұйымдастырылып, Уфаның мерейтойын атап өтудегі басты шаралардың бірі болды. Іс-шара Ресейдегі үздік он фестиваль тізіміне кіреді. Ал былтыр мерекенің ең қызық оқиғасына айналған ұлттық киім киіп, қол ұстасып жүрген қатысушылар "Ресейдің рекордтар кітабына" енді. Оған қатысқан 2834 адам 20 шеңбер құрған.
Made on
Tilda